Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев 8 ақпан күні Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық госпитальда уролог дәрігерлермен кездесті.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың елде бүйрек трансплантациясын дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық госпиталь мамандарын Түркияға оқуға жіберу үшін арнайы топ құрылды.
8 дәрігерден тұратын топ екі кезеңге бөлініп Түркияда жетекші клиникалардың бірінде білімдерін шыңдайды.
Бірінші кезеңде 4 уролог бүгін, 9 ақпан күні Түркияға аттанса, бір айдан кейін тағы 4 дәрігер жіберіледі.
Министр кездесуде жуырда Қырғызстанда донордан туысқан бүйрек трансплантациясын дамыту туралы Садыр Жапаровтың тапсырмасын іске асыру мәселесі талқыланғанын атап өтіп, дәрігерлерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтты. Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге сәттілік тіледі.
Айта кетсек, Бішкекте Ана мен бала ұлттық орталығының трансплантология бөлімшесі алғаш рет 22 жастағы науқасқа тегін бүйрек алмастыру отасын сәтті жасады.
Садыр Жапаровтың айтуы бойынша, енді елде бүйрек ауыстыру оталары тегін жасалады. Қырғызстан президенті Кабар агенттігіне берген сұхбатында гемодиализ алатын бір науқасқа жыл сайын жұмсалатын қаражаттың жартысына ота жасау арқылы келесі жылдың шығынын азайтуға болатынын мәлімдеген болатын. Президенттің айтуы бойынша, егер науқас гемодиализ алуды тоқтатса, мемлекет шығыны да соғұрлым аз болады.
















