2023 жылдың 14-16 қыркүйек аралығында Түркі Академиясы Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Шолпон-Ата қаласында «Түркі мемлекеттілігінің тарихы» атты конгресс өткізеді.
Түркия Республикасының 100 жылдығы аясында ұйымдастырылып отырған «Түркі мемлекеттілігінің тарихы» халықаралық конгресі түркі мемлекеттілігінің тарихы бойынша зерттеулерді жандандыру мен тереңдету және осы саладағы ғылыми ынтымақтастықты ынталандыруға бағытталған.
Конгрессте көне дәуірден бстап қазіргі кезеңге дейінгі тарихи оқиғаларды хронологиялық тұрғыдан қамти отырып, түркі мемлекеттерінің тарихына қатысты мәселелер қаралады. Еуразия тарихы мен археологиясына қатысты кең ауқымды тақырыптарды қамтитын монографиялық еңбектерді сериялық түрде басып шығару да Конгресс мақсаттарының бірі болып табылады.
Офлайн және онлайн форматта өтетін шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Болгария, Украина мен басқа елдерден шамамен 50-ден астам түрколог-ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ТМҰ мүше-мемлекеттердің гуманитарлық ғылымдар саласындағы жауапты құрылымдардың сарапшылары қатысады.
Шара аясында Түркі академиясы қазақ тілінде дайындаған белгілі түрік тарихшысы Афет Инанның «Кемал Ататүрікті еске алғанда» кітабының тұсаукесері өтеді. Кітап Түрік Республикасының 100 жылдығына орай жарық көріп отыр.
Конгресс қорытындысы бойынша қатысушылар түркі мемлекеттілігі тарихын зерттеудің негізгі бағыттары бойынша бірқатар маңызды шешімдерге келісіп, қорытынды қарар қабылдайды.



















