Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қар барысын елдің ұлттық символы деп тану туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы Қырғызстан мемлекеті басшысының баспасөз қызметі хабарлады. Осы мәліметке сәйкес, Қырғызстан президенті қар барысын табиғи байлықтың, мәдени әл-ауқаттың символы ғана емес, сонымен қатар жаһандық аумақтың таулы экожүйенің тұрақтылығы мен денсаулығының көрсеткіші деп атады.
Жапаров бұл жөнінде «Таулы экожүйелерді, мұздықтарды және көрнекті түрлерді сақтау жөніндегі» пленарлық отырыста атап өтті.
Қар барысы тіршілік ететін барлық елде сирек кездеседі. Қар барысы жойылып кетудің алдында тұрған аң ретінде «Қызыл кітапқа» енген.
Барыстың ұлттық символ ретінде таңдалуы кездесоқ емес. Себебі барыс — сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, барынша батыл, бірінші болып шабуыл жасамайтын, алайда өзінің есесін ешкімге жібермейтін, айрықша текті жануар.



















