Қытай Америка үкіметін киберқауіпсіздікке қауіп төндіріп отыр деп айыптады.
Бұл туралы Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэнбинь арнайы брифингте мәлімдеді.
Қытайдың «Жэньминь жибао» газетінің хабарлауынша, журналистерге арналған брифингте ресми өкіл 360 Digital Security Group-тің соңғы кездері жариялаған зерттеу есебін алға тартып, АҚШ үкіметі киберқауіпсіздік туралы халықаралық ережелер мен тәртіпке бағынбай, өз білгендерін істеуге құмар деген.
Ван Вэнбиннің айтуынша, Ақ үй үкіметі ғаламдық интернет-ресурстарды жекедара бақылауға алып отыр.
«Вашигтон көптеген елдегі азаматтардың жеке деректерін жинап, интернет әлеміндегі өз үстемдігін асыра пайдаланып келеді.
Америка Құрама Штаттары киберқарулардың үлкен арсеналын құрды, басқа елдердің маңызды инфрақұрылымдарына кибершабуыл жасау үшін қолданылатын жетілдірілген қаруларды әзірледі және көбейтті, бұл жаһандық маңызды инфрақұрылымға үлкен қауіп төндіреді».
Оның пікірінше, АҚШ үкіметі әлемнің көптеген еліндегі мемлекеттік органдарға, маңызды ұйымдарға және маңызды инфрақұрылымдарға бақылауын күшейтіп, соның ішінде АҚШ одақтастарына ұзақ мерзімді және үздіксіз кибершабуылдар жасайтын ұйымдарды ашық қолдап келеді.
Оның сөзінше, әлемдегі ешбір ел өзін Америка Құрама Штаттарының кибершабуыл қаупінен қорғай алмайды.
«Біз Америка Құрама Штаттарын өзінің қауіпті және жауапсыз әрекеттерін дереу тоқтатуға әрі бейбітшілік, қауіпсіздік, ашықтық және ынтымақтастықты негіз еткен киберкеңістік құру үшін халықаралық қауымдастықтың ұжымдық шарттарына қосылуға шақырамыз», – деді Ван Вэнбин.
Америка мен Қытай киберқауіпсіздік мәселесінде үнемі бір-біріне ескерту жасап келеді. Америка үкіметі де Қытайды кибершабуыл жасап отыр деп айыптайды.



















