Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңде Талибан үкіметінің арнайы өкілінен сенім грамотасын ресми түрде қабылдады.
Қытай СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 2024 жылғы 30 қаңтар күні Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңдегі Талибан үкіметінің арнайы өкілі Біләл Каримиден елші ретіндегі сенім грамотасын ресми түрде қабылдап, оған табыс тіледі.
Талибан үкіметі Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Абдул Қаһар Балхи де мәлімдеме жасап, Біләл Каримидің Бейжіңдегі Халық мәжілісі залында өткен арнайы рәсімде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге сенім грамотасын тапсырғанын, ресми түрде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің (Талибан үкіметі) Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болғанын жазды.
Бейжіңдегі салтанатты рәсімде Талибан елшісімен қатар тағы басқа 41 елдің елшілері де Қытай төрағасына сенім грамоталарын тапсырды.
Айта кетейік, Біләл Карими 2023 жылдың желтоқсан айында Бейжіңдегі Ауғанстан елшілігінің арнайы өкілі болып тағайындалып, 11 желтоқсанда Қытай Сыртқы істер министрлігінің салтанатты істері жөніндегі басшысы Хун Лиге сенім грамотасын тапсырды.
Қытай — бүгінде Талибан тобының елшісін ресми қабылдаған әлемдегі бірінші ел.
Еске салайық, Қытай да 2023 жылы қыркүйек айының 13 күні Талибан Үкіметінде ресми түрде жаңа елші тағайындаған алғашқы мемлекет болған.




















