Өзбекстан мен Қытай басшылары таяу болашақта тауар айналымын 20 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар деген өзара пікірге келді.
ӨР Президенті баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша 24 қаңтарда Бейжіңде ресми делегациялар мүшелерінің қатысуымен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөздері өтті.
Қытайдың жетекші банктерімен және Жібек жолы қорымен, сондай-ақ Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жемісті қаржылық және техникалық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейі жоғары бағаланды.
Өзбекстан Президенті сонымен қатар қытайлық серіктестерді Өзбекстандағы мемлекеттік кәсіпорындар мен банктерді жекешелендіру үдерістеріне белсенді қатысуға шақырды.
Трансқұрлықтық көліктік-транзиттік көпірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналуға арналған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолын салу бойынша тәжірибелік жұмыстарды ертерек бастаудың маңыздылығы атап өтілді.
Өткен жылдың соңында екі ел арасындағы тауар айналымы 14 миллиард долларға жетті.
Таяу болашақта тауар айналымын 20 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар деген өзара пікір айтылды.
Соңғы жылдары Қытайдың Өзбекстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі бес есе өсті.
Өткен жылдың соңында Қытай компанияларының қатысуымен Өзбекстанда қуаттылығы 1000 мегаватт болатын екі жаңа күн электр стансасы іске қосылғаны қанағаттанарлықпен атап өтілді.
Өзбекстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төрағасына кедейшілікпен күресудегі ынтымақтастық мәселелеріне жеке көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Өзбекстанның «Бір Қытай» саясатын қолдау және «зұлымдықтың үш күшімен» (Ред. сепаратизм, терроризм, экстремизм) күресу жөніндегі мызғымас ұстанымы қуатталды.
Келіссөздер соңында Өзбекстан басшысы Қытай Халық Республикасының басшысын еліне келуге шақырды, сондай-ақ дос Қытай халқын келе жатқан Қытай Жаңа жылы – Чунь Цзе мерекесімен құттықтады.



















