Украинаға жақын күндері Құрама Штаттардан әуеден қорғайтын NASAMS жүйесі жеткізіледі. Бұл жөнінде Украина президенті Владимир Зеленский қорытынды баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Украинская правда» интернет басылымының мәліметінше, Зеленский Вашингтон Киевке қосымша көмек көрсету жөнінде шешім қабылдайды деп санайды.
Владимир Зеленский қорытынды баспасөз мәслихатында АҚШ Украинаны сатып кетпей, барлық уәдесін орындайды деген сенімде екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Владимир Зеленский Ресей басқыншылығында соғысып жатқан Украина армиясына алғысын білдірді. Ол сонымен бірге Украинаны Еуропалық одаққа үміткер ел мәртебесін алғанымен құттықтады.
Зеленский Украина Еуропамен және Еуропалық одақ елдерімен ерекше қарым-қатынас орнатқанын, олар әскери және қаржылай көмек көрсетуді жалғастырып жатқанын айтты.
Зеленский мәлімдемесінде мобилизация тақырыбын өте сезімтал тақырып деп атады. Ол соғысқа 450-500 мың адамды тартудың жоспарын жасауды тапсырғанын жеткізді.
Ол жаңа әскерилерді мобилизациялауды ғана емес, екі жылдан бері соғысып жатқан жауынгерлерді босату жағын да ойлау керек екенін айтты.


















