Ресей Иран мәдениетін жақынырақ танып-білуге талпыныс жасауда.
Бұл туралы саяси сарапшы және журналист Шива Абшенас Иранның Sputnik агенттігінде жазды.
Осы мәліметке сәйкес, Иран Ислам Республикасы мен Ресей Федерациясының географиялық, экономикалық, әлеуметтік және саяси өзара әрекеттесуінің ұзақ тарихы бар. Бұл қарым-қатынас көптеген шарықтаулар мен құлдырауларды бастан өткерді, бірақ байланыс жылдар бойы сақталды.
Қазір Иран мен Ресей бір-бірімен өткен жылдармен салыстырғанда жақсы қарым-қатынаста. Бұл ретте екі ел өз мәдениеттерін бір-біріне бұрынғыдан да түсінікті етіп, жақындастыруды ниет етіп отыр.
Тегеран халықаралық кітап жәрмеңкесі Ирандағы ең ірі мәдени іс-шаралардың бірі ретінде Иран мен Ресей арасында мәдени қарым-қатынас орнату үшін жақсы орын болып табылады. Бұны жақсы түсінген Ресей жыл сайын көрмеде өз бұрышын ұсынып келеді. Биыл Ресей Иранда орыс мәдениеті мен тілін таныстыру бойынша көптеген іс-шара өткізді. Иран мен Ресей халқы бір-бірімен жақынырақ танысу және халықтың мәдени қарым-қатынасын тереңдету үшін маңызды мәдени шаралар өткізуде.
Ресей Федерациясының Тегерандағы елшілігінің бірінші хатшысы және «Россотрудничество» ұйымының Ирандағы өкілі Лилия Вотинова Иранның Sputnik агенттігіне берген сұхбатында Ресей Федерациясының Тегеран халықаралық кітап көрмесіне қатысқанына тоқталып: «2014 жылдан бастап бізде Тегеран халықаралық кітап көрмесінде орыс бұрышы пайда болды. Жыл сайын кітап көрмесіндегі орыс бұрышына көптеген адамдар келеді. Биылғы Тегеран халықаралық кітап көрмесі аясында біз орыс тілі апталығын өткіздік. Осы көрмеде орыс тілін жақсырақ таныстыру үшін Иран елі бойынша 80 түрлі іс-шараны қарастырған орыс тілі апталығын өткіздік. Бұл іс-шаралар Иранның Мешһед, Тегеран, Исфаһан, Мазандаран және басқа да көптеген провинцияларындағы жетекші университеттерінде өтті»,- деді.
Сондай-ақ, Лилия Вотинова бай орыс әдебиетінің маңыздылығын тілге тиек етіп: «Әрбір ирандық Толстойдың, Чеховтың және Достоевскийдің туындыларымен таныс. Сондықтан мен әдебиетпен танысу екі елдің халқын жақындастырады деп ойлаймын»,- деді.
«Россотрудничество» ұйымының Ирандағы өкілі Иран мен Ресей арасындағы мәдени қатынасты кеңейтудің маңыздылығын екі ел арасындағы сауда-экономикалық және саяси қатынасты кеңейтуге қойылатын талаптардың бірі ретінде сипаттады.
Ол Иран Ислам Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы байланыстың өркендеуіне жақында өткен Тегеран халықаралық кітап көрмесі сияқты іс-шаралардың маңызды екенін айтты.
Ресей Федерациясының Ирандағы елшілігінің бірінші хатшысы халықты бір-бірінің мәдениетімен таныстыру үшін екі елдің мәдени апталығын өткізудің маңыздылығын атап өтіп: » Иран мен Ресей арасындағы мәдени байланысты кеңейту мақсатында біз бірқатар бағдарлама ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Соның ішінде Иранда Ресей мәдени апталығын Тегеран және Алламе Табатабайи атындағы университеттерінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл шараны күзгі маусымда өткіземіз деп үміттенеміз.
Біз 18 мамырда атақты орыс ақынының 125 жылдығына орай «Аударма және поэзия оқулары» деген екі бөлімнен тұратын байқаулар өткіздік. Шара жоғарғы деңгейде өтті»,- деді.



















