Қазақстан мен Өзбекстан арасын жалғастыратын «Жібек жолы» атты алғашқы теміржол туры іске қосылады.
Еуразия Тудейдің ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша алғашқы рейс 2024 жылдың 16 қарашасында жолға шығады.
Халықаралық теміржол туры төрт күн ішінде туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасында гид қызметі, тамақтану, көлік қызметі және кіру билеттері қарастырылған.
Сондай-ақ саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қалалардың бірі – Отырар қаласымен таныса алады. Тур бағдарламасына Арыстан-баб кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне, Орталық Азиядағы өз кезегінде ең үлкен «Керуен-Сарай» туристік кешеніне бару кіреді. Ташкенттегі тур аясында қаланың тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады.
















