АҚШ президентінің әкімшілігі Израильдің Газа халқының басым бөлігі пана тапқан Рафах қаласына жаппай басып кіруіне қарсылық танытқан демократтар тарапынан қайта қысымға ұшырады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ-тың Өкілдер палатасындағы 212 демократтың 57-сі АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінен Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху кабинетінің Мысыр шекарасына жақын орналасқан қалаға шабуыл жасаудан бас тарту үшін барлық мүмкін қадамдарды жасауға шақырған хатқа қол қойды.
АҚШ президентіне жолданған хатта Рафахқа жоспарланған кең ауқымды шабуылдың алдын алу үшін қолданыстағы заңдардың дереу пайдалану қажеттігі көрсетілген.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Ақ үй Прамила Джаяпал мен Мадлен Дин бастаған өкілдер әзірлеген хатқа қатысты түсініктеме бермеді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұған дейін Израильдің Рафах қаласына жоспарланған операция кезінде бейбіт тұрғындарды қорғау жоспарын әлі ұсынбағанына тоқталып: «Бейбіт тұрғындарды қорғаудың нақты және сенімді жоспары болмағандықтан Вашингтон Рафахтағы ірі әскери операцияны қолдамайды. Біз мұндай жоспарды әлі көрген жоқпыз» деді.
Байденнің АҚШ-тағы президенттік сайлау өтетін жылы Палестина халқына қарсы соғыста Израильді қолдауы демократиялық партияның праймеризінде наразылық дауыстарының және АҚШ университеттерде палестиналықтарды қолдауға бағытталған наразылықтардың толқынын тудырды.


















