Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында Боао Азия форумының сессиясына қатысады.
Евразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Мемлекет басшысы 28-29 наурыз күндері Қытай Халық Республикасына іссапармен барады. Сапар барысында Тоқаев Боао Азия форумының сессиясына қатысумен қатар, ҚХР басшылығымен, халықаралық ұйымдар мен Қытайдың ірі компанияларының жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізеді.
Биыл Боао қаласында Боао Азия Форумының жыл сайынғы отырысы өтеді. Биылғы форум төрт негізгі бөлімнен тұрады. Форумға қатысушылар «Әлемдік экономика», «Ғылыми-техникалық прогресс және инновация», «Әлеуметтік даму» және «Халықаралық ынтымақтастық» тақырыптары бойынша пікір алмасады.
26 наурыз күні басталған Боао Азия форумының жыл сайынғы отырысына әлемнің 60–тан астам ел мен ел аймақтарынан екі мыңға жуық өкіл қатысуда.
Боао Азия форумы – Азия елдерінің экономикалық интеграциясының дамуына ықпал ететін үкіметтік әрі коммерциялық емес халықаралық ұйым.
Азиядағы аймақтық экономикалық интеграцияны қолдау мақсатында Боао Азия форумының негізі 2001 жылы қаланды.



















