Хамас қозғалысы келісімге қол жеткізуді құптайтынын, бірақ бұл келісімнің үстірт жасалмауы керек екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Хамас қозғалысының дереккөзі Al-Araby Al-Jadeed басылымына берген сұхбатында соғысты толығымен тоқтатпай және оккупациялық күштерді Газадан толық шығармай мәміле жасалмайтынына тоқталып: «Нетаньяху қысым жасау және жағдайларға байланысты келісімге келуге жол бермеу үшін Рафахқа шабуыл жасаумен қорқытуда. Рафахқа жаппай шабуыл операциясы болмайды және басқыншы режимнің кез келген шабуылының ауыр жазасы болады әрі олардың әрекеті сәтсіздікке ұшырайды», деп баса айтты.
Хамастың бұл жоғары лауазымды мүшесі: «Басқыншы режимнің қыңырлығы келіссөздерге кедергі келтіруде және бұл үшін толығымен Беньямин Нетаньяху жауапты. Нетаньяху мен оның әскері жүргізіп жатқан соғыс мақсатсыз бекер жүріп жатыр. Нетаньяху жалтарып, тұтқындардың отбасыларына, өзінің кабинетіне және бүкіл әлемге өтірік айтады», деп қосты.
Бұдан бұрын Хамас қозғалысының жоғары лауазымды мүшесі Иззат әл-Ришек: «Егер сионистік режим Рафахқа шабуыл жасаса, ол сәтсіз аяқталады», деп мәлімдеген болатын.
Жуырда Израилдік «Едиот ахронот» басылымы сионистік режимнің Қорғаныс министрі Йоав Галант, Моссад пен Шабак бас штабтарының басшылары бірнеше күн бұрын тұтқындармен алмасу келіссөздері мәселесінде жеңілдіктер беру керек деп келіскенін және ілгерілеушілік болғанын хабарлады.
Басылымда Израиль Бас штабының басшысы Герци Халеви Израильдің тарихтағы ең үлкен әскери жеңіліске ұшырауына жауапты әрі жеңілісті жеңіске айналдыра алмаған тұлға ретінде қалатыны айтылған.
Сонымен қатар, Израильдің қауіпсіздік және әскери күштері өз режимдерінің Газа соғысында тығырыққа тірелгені туралы қорытындыға келгені атап көрсетіледі.
Бұл ретте Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху соғыс мақсаттарында ешқандай өзгеріс болмағанын және бұл режимнің Рафахқа қатысты келісімді қабылдамайтынын алға тартты. Ол сондай-ақ бұл шабуылдың «келісіммен немесе келісімсіз» де болатынын мәлімдеді.
Мұндай шабуылдың Тель-Авив үшін саяси салдары халықаралық деңгейде айтарлықтай өсті.
Сонымен қатар сионистік режим Палестинаны қолдауға бағытталған ынтымақтасу толқынының таралуынан кейін барған сайын оқшаулана түсті.




















