Израиль Газа секторының солтүстік бөлігіне соңғы бірнеше аптадағы ең күшті соққы жасады.
Еуразия Тудейдің Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Израильдің түнгі бомбалауы Газа секторындағы тұрғындар арасында дүрбелең тудырған.
Газаның солтүстігінде қалың қара түтін көтеріліп, қарқынды атқылау Бейт-Ханун мен Джабалияның шығысында байқалды.
Кеше, сейсенбі күні таңертең атқылау Газа қаласының ең көне Зейтун сияқты аудандарында жалғасты.
Аудан тұрғындарының айтуы бойынша, негізгі жол бойында бірнеше секунд ішінде кем дегенде 10 соққы жасалған.
Зейтуннан 700 метр қашықтықта тұратын 53 жастағы алты баланың анасы Умм Мохаммад «Бұл біз соғыс басталғалы басымыздан өткерген қорқынышты түндердің бірі болды. Танктер мен ұшақтар бомбалауды тоқтатқан жоқ. Үй үнемі дірілдеп тұрғанда, өміріміз үшін дұға тіледім. Мен бұл соғыс аяқталғанға дейін аман қалатынымызды білмеймін» дейді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк сейсенбі күні Газа секторына қарсы жасалған соққыларды айыптап, соққылардың салдарынан көбісі әйелдер мен балалар қаза тапқанын айтты. Ол сондай-ақ, Израильге елдің оңтүстігіндегі Рафахқа жоспарланған шабуылын жалғастырмау туралы ескертуін қайталады.




















