Бүгінде Иранның түкпір-түкпірінде барша халық Наурыз мейрамына қызу дайындалып жатыр.
Иранда қыс аяқталып, күннің жылуымен халық Наурыз мейрамына дайындалып, қуанышқа бөленуде.
Ирандықтар ұлттық мейрамдарға аса мән беріп, өздерінің әдет-ғұрыптарын байырғы заманнан бері сақтап келеді. Сол мейрамдардың бірі есік қаққалы тұрған — Наурыз мейрамы. Наурызды ирандықтар «жаңа күн, жыл басы» санайды.
Иранда Наурыз басталмас бұрын Хаджи Фируз, кейде Ноурузхан деп аталатын кейіпкерлер үстеріне арнайы қызыл түсті киімдер киіп, Наурыз туралы өлеңдер оқып, ән салады, би билеп, халықтың көңілін көтеруге тырысып, оларды мейрамның келгенінен хабардар етеді.
Ирандықтар Наурызға дайындықты бір ай бұрын бастайды. Иранда базарлар Наурызға дейін халыққа толы болады. Адамдар үйлерін толығымен тазалайды. Олар бұл рәсімді «һуне текани» деп атайды. Ыдысқа көк шөп өсіреді, жаңа киімдер мен заттар сатып алып, дайындалады.
Наурыз Иранның ресми күнтізбесі бойынша фәрвәрдин деп аталатын айдан басталады. Наурыз — ирандықтар үшін жыл басы, жаңа жыл. Жаңа жылдың басталу уақытын Иран ғалымдары алдын-ала есептеп, жариялайды.
Наурыз күндері Иранда арнайы «һәфт син(жеті син) дастарханы жасалады. Бұл дастарханға сәмәну (өндірілген бидайдан жасалған тағам), сиб (алма), сәбзи (көк шөп), сомақ (сұмақ), сәнджед (жиде), серке (сірке суы), сир (сарымсақ) секілді «син» әрпінен басталатын жеті нәрсе қойылады.
Дастарханға сонымен қатар Құран кітабы, боялған жұмыртқа, айна, нарцисс гүлі, шырақ, ыдысқа салынған тірі қызыл балық қойылады. Барлық заттың дастарханға қойылудағы мәні бар.
Жаңа жылдың ертеңінде көрісу басталады. Осылайша көрісу он екі күнге дейін созылады.
Он үшінші күні «сиздәһ бе дәр» «13-iн сыртта өткізу» күні басталады. Бұл күні, яғни жаңа жылдың 13-і барша ирандықтар тамақтарын дайындап, өздерімен алып, үйлерінен сыртқа шығады. Осы күні Наурызға деп арнайы өсірген көк шөпті суға ағызады. Осылайша ирандықтардың он үш күнге созылған Жаңа жыл мерекесі аяқталады.


















