Иран СІМ басшысы Амир Абдуллаһиан Иранның ІІІ Каспий экономикалық форумын өткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша Амир Абдуллаһиан Түркіменстан СІМ басшысы Рашид Мередовпен келіссөзде осындай мәлімдеме жасады.
Түркіменстанға ресми сапармен барған Иран Сыртқы істер министрі кеше, 28 наурызда Рашид Мередовпен кездесті.
Кездесуде Амир Абдуллаһиан Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан үкімет басшылары деңгейінде үшінші Каспий экономикалық форумын өткізу туралы ұсыныс жасады.
Амир Абдуллаһиан Иран мен Түркіменстан арасында энергетика, транзит және көлік саласындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап, су ресурстарын басқару мәселесі де маңызды екенін және екі ел үшін де осы салада үздіксіз ынтымақтастық орнату қажеттігін қуаттады.
Өз кезегінде Рашид Мередов Түркіменстан мен Иран президенттері мен Сыртқы істер министрлерінің кездесулерін екі ел арасындағы берік байланыс пен қарым-қатынастың белгісі деп сипаттады.
Түркіменстан Сыртқы істер министрі Каспий теңізін бейбітшілік, түсіністік және ынтымақтастық алаңы екенін атап өтті.
Тараптар келіссөздер барысында Каспий маңы елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беріп, Каспий теңізіне қатысты экологиялық жағдайды өзекті мәселе деп атады.


















