Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Сергей Миронов Мәскеу түбіндегі лаңкестік әрекеттен кейін Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жою керектігін ұсынды.
Евразия Тудейдің ресейлік БАҚ-тарға сілтеме жасап хабарлауы бойынша «Әділетті Ресей — Шындық Үшін» партиясының төрағасы Сергей Миронов Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан азаматтары үшін визалық режим енгізу туралы бастама көтерді.
«Әділетті Ресей — Шындық Үшін» партиясының баспасөз қызметінің деректеріне сәйкес, Сергей Мироновтың Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жою жөніндегі бұл ұсынысы Ресейдегі ұлттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында жасалған.
Миронов Ресей шекарасында көші-қонды реттеу және лаңкестікке қарсы тұру үшін Орталық Азия елдерімен визалық режимді енгізуден бастау керектігін айтады. Депутаттың айтуынша, лаңкестер Ресейге қарсы шараларды дайындау орны ретінде көршілес елдерді пайдалануы мүмкін.
Миронов лаңкестік ұйымдастырушылар ашық шекаралар арқылы Ресейге өтуі ықтимал екенін әрі бұның көршілес мемлекеттер үшін де қауіпті екенін айтады.
Еске сала кетейік, бұл «Әділетті Ресей — Шындық Үшін» партиясының төрағасы Сергей Мироновтың Орталық Азия елдерімен визасыз режимді жою жөніндегі алғашқы ұсынысы емес. Миронов 2021 және 2023 жылдары да осындай бастама көтерген болатын.



















