Бирмингем университетінің профессоры Мохаммад Шахабуддин Түркияның Израильмен сауда қатынастарына шектеу қою туралы шешімінің басқа елдерге үлгі болу керектігін атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Ұлыбританиядағы Бирмингем университетінің профессоры Мохаммад Шахабуддин бұл туралы Anadolu агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Мохаммад Шахабуддин сөзінде «Түркияның Израильге қатысты экспорттық шектеулерді енгізу туралы шешімі аймақтағы басқа елдер үшін үлгі боларлық маңызды қадам болып табылады», деді.
Бирмингем университетінің профессоры Израильге қарсы қысым жағдайды өзгертеді деп санайды. Ғалымның пікірінше, Израильге қатысты шектеулер нақты шаралар қабылдауға әсер етеді.
Еске сала кетейік, 9 сәуір күні Түркияның Израильге темір, мәрмәр, болат, цемент, алюминий, кірпіш, тыңайтқыштар, құрылыс жабдықтары, авиациялық отын және т.б. қоса алғанда 54 өнім тобының экспортына шектеу қою туралы шешімінен кейін осы елдің Сауда министрлігі жаңа мәлімдемесінде Израильмен барлық экспорттық және импорттық операциялардың тоқтатылғанын хабарлады.
«Бұл шешім Израиль үкіметі Газадағы атысты тоқтату туралы шешім қабылдап, Газаға гуманитарлық көмектің үздіксіз жетуіне рұқсат бергенге дейін күшінде қалады», — делінген Түркия Сауда министрлігі жариялаған хабарламада.




















