Иранның Ауыл шаруашылығы министрлігі импорттаушыларды тауарды кедендік рәсімдеуден бұрын әкелуге рұқсат алуға міндеттеген ережені жойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жаңа ережеге сәйкес компаниялар алдымен өнім партиясын елге кіргізіп, декларациялай алады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің тіркеу құжаттары кейін рәсімделеді.
Бұл шешім негізгі азық-түлік тауарларына, соның ішінде күріш, ет, өсімдік майына, сондай-ақ мал азығына қатысты. Тауарды әкелу үшін тек қолданыстағы сауда лицензиясы болса жеткілікті.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Орталық банк пен Ауыл шаруашылығы банкі импорт үшін риалмен төлем жасауды 100 күнге шегеруге келісті. Бұл бизнеске алдымен тауарды нарықта сатып, содан кейін ғана банкпен есеп айырысуға мүмкіндік береді.
Бұл өзгерістер субсидиялау жүйесіндегі реформалармен және валюталық қамтамасыз етудің жаңа моделіне көшумен байланысты. Енді валюта бөлу кезінде бірінші кезектегі қажеттіліктегі тауарларға басымдық беріледі.
Иран Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Акбар Фатхидің айтуынша, жаңа шаралар тапшылық пен бағаның құбылуын болдырмауға көмектеседі.
Акбар Фатхи: “Бұл қадам ішкі өндірісті ынталандыруы мүмкін. Орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада ішкі өндірістің артуы арқасында нарықта қажетті теңгерімге қол жеткізуге және негізгі тауарлар мен мал азығы нарығындағы шетелдік валюта тапшылығынан туындаған ауытқулардан аулақ болуға жағдай жасайды”,- деді.
Бұдан бөлек, экспорттаушыларға негізгі тауарларды тауарлық бартер механизмі арқылы импорттауға рұқсат берілді. Яғни, олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп немесе тау-кен өнімдерінің орнына қажетті тауарларды айырбастап ала алады. Бұл олардың мемлекет алдындағы валюталық міндеттемелерін орындауы ретінде есептеледі.


















