Елордада 2023 жылғы 8-9 маусым аралығында «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында Астана Халықаралық форумы өтеді.
Халықаралық іс-аса маңызды жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, бүгінгі әлемдік ахуал, геосаяси шиеленістің артуы және мемлекетаралық ынтымақтастықтың дәстүрлі үлгілерінің түбегейлі өзгеруіне байланысты бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу.
Форумға Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының Төрағасы Желка Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала, БҰҰ білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Бас директоры (ЮНЕСКО) Одре Азуле, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Армида Алисжахбана, Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева, БҰҰ-ның Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік және Оңтүстік Америка істері жөніндегі Бас хатшысының саяси және бейбітшілік мәселелері жөніндегі департаментінің (ДПВМ) көмекшісі Мирослав Анича, БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына арналған аймақтық бюроның Бас хатшысының көмекшісі, әкімшісінің көмекшісі және директоры Ивана Живкович, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Хельга Шмид, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Маргарета Седерфельт, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ)Бас хатшысы Чжан Мин, Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті Одиль Рено-Бассо, Азия даму банкінің президенті (АДБ) Масацугу Асакава, Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухайл Мұхаммед Фарадж әл Мазруи және т.б шенеуніктер қатысады.
Форумға 1000-нан астам шетелдік қонақтар келеді деп күтілуде.
Форумда сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, халықаралық даму және тұрақтылық, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар форум барысында 40-тан астам панельдік сессия, бейресми пікірталас және мазмұнды жиындар өтеді.
Форумның стратегиялық серіктестері – БҰҰ және CNN. ҚР Үкіметі ұйымдастырған Форум Конгресс-орталықта (EXPO) өтеді.




















