Үндістанның шығыс аймағындағы Мизорам штатында салынып жатқан теміржол көпірі опырылып, кем дегенде 17 адам қаза тапты.
The Times of India басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға кеше, 23 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00 шамасында Аиджал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырымдай қашықта орын алған.
«17 адамның мәйіті табылды, көбісі із-түзсіз жоғалып кетті»,- деп мәлімдеді жергілікті полиция өкілдері.
Алдын ала мәлімет бойынша, көпір опырылған кезде құрылыс алаңында 35-40 адам болған.
Қазіргі кезде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза болғандардың отбасына көңіл айта келе, Ұлттық көмек қорынан оларға 200 мың рупий және зардап шеккендерге 50 000 рупий бөлуді тапсырды.



















