Үндістан Иранға 10 миллион беттен тұратын парсы қолжазбаларын берді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Үндістанда “Нұр” микрофильмдеу орталығы жинаған Иран тарихы мен мәдениетіне қатысты парсы тіліндегі он миллион беттік қолжазба Ирандағы Ислам әлемі ғылым, технология, дәйексөз және мониторинг институтына (ISC) тапсырылды.
ISC басшысы Мохаммад Меһди Алавианмеһр мұндай қорлардың маңыздылығын айтып: “Иранда және басқа елдерде жиналған қолжазбалар ISC дерекқорларын толықтыратын негізгі көздердің бірі болып табылады”, — деді.
Алавианмеһр Иран мен Үндістан арасындағы тарихи байланысқа тоқталып: “Ирандықтар Үндістанда шамамен 800 жыл бойы билік етті немесе оның аумағында мәдени қызметпен айналысты. Парсы тілі Үндістанның негізгі ғылыми тілі болған кезеңнен көптеген құнды құжат сақталған”, — деді.
Алавианмеһр “Нұр” халықаралық микрофильмдер орталығының негізін қалаушы Меһди Хаджепиридің жинаған қолжазбалары Иран мен бүкіл ислам әлемінің зерттеушілері үшін Ислам мәдениетін зерттеу орталығы арқылы қамтамасыз етілетінін атап айтып: “Бұл құжаттар цифрлық форматта да, микрофильм түрінде де индекстеліп, кодталады. Осылайша зерттеушілер үшін толық қолжетімді болады”, — деді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Хаджепири қолжазбаларды сақтаудың маңыздылығына тоқталып: “Бүгінгі күнге дейін біз Үндістаннан 10 миллионнан астам парсы қолжазбасын жинап, цифрландырдық. Енді бұл құжаттар ISC жүйесінде біріктіріліп, ғалымдар үшін қолжетімді болады”, — деді.


















