Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14-15 қыркүйекте Тәжікстанға жұмыс сапарымен барады. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Ақорданың мәліметінше, сапар аясында Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысады.
Айта кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 25-26 тамызда Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келген болатын.
Ресми сапар барысында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізген болатын.


















