Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Public Broadcasting Service (PBS) телеарнасына сұхбат беріп, Украинадағы соғысқа қатысты пікірін білдірді.
Түркия Президенті Украинадағы соғыстың аяқталу мерзімі туралы қойылған сауалға «Украинадағы соғыстың қашан аяқталатынын тек Ресей мен Украина президенттері анықтай алады»,-деп жауап берді.
PBS телеарнасына берген сұхбаты барысында Түркия Президенті Украинадағы соғысқа қатысты: «Бұл соғыс ұзаққа созылатыны анық. Соғыс мүмкіндігінше тезірек аяқталады деп үміттенген едік», — деді.
Сондай-ақ «Мен соғыстың аяқталу мерзімін дөп басып айта алмаймын немесе оның қанша уақытқа созылатынын да нақты айта алмаймын. Бұл туралы тек екі жақтың көшбасшылары ғана айта алады»,-деді Режеп Тайып Ердоған.
Украинадағы қақтығыстың жақын арада аяқталмайтынын болжаған Түркия Президенті сұхбат барысында ресейлік әріптесімен Украина жөнінде өткен келіссөздерге тоқталып: «Владимир Путин соғысты тезірек тоқтатуды жақтайды. Путин мырза шынымен де осы соғыстың тезірек аяқталу жағында. Келіссөздер барысында мен бұны оның сөздерінен түсіндім. Мен оның сөздеріне сенемін», — деді.
Еске сала кетсек, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған 4 қыркүйек күні Владимир Путинмен келіссөздер жүргізу үшін Сочиге ұшып барған болатын. Екіжақты кездесуде астық дәлізі, сондай-ақ Ресей-Украина соғысы және екі ел арасындағы қарым-қатынастар талқыланды. Алайда Ресей мен Түркия «астық мәмілесін» қайта бастау туралы келісе алмады. Астық мәселесіне байланысты кездесу қорытындысы бойынша Владимир Путин «Біз ресейлік агроэкспортқа қатысты барлық уағдаластықтар орындалған сәтте «астық мәмілесін» бірден жандандыру мүмкіндігін қарастыруға дайын боламыз»,-деп мәлімдеген еді.



















