Астана қаласындағы Экспо аумағында 25-27 қыркүйек күндері «Иннопром Қазақстан-2023» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтеді.
Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға 20 мемлекеттен 10 мыңға жуық делегат қатысады деп жоспарланып отыр.
Іс-шараны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Көлік министрлігі және Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі ұйымдастырып отыр.
Көрме шеңберінде ұйымдастырылатын негізгі сессияға Қазақстан, Ресей, Беларусь және басқа да елдердің Үкімет басшылары, сондай-ақ іскерлік қауымдастықтар мен өндірістік компаниялардың басшылары қатысады деп көзделіп отыр.
Бизнес пен билік өкілдері халықаралық кооперация туралы өзекті ойларын ортаға салып, жаңа перспективалы жобаларды ұсынады. Көрме аясында сыртқы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері талқыланады. Атап айтқанда, ЕАЭО елдерімен тығыз экономикалық байланыс орнату, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері көтерілетін болады.
Көрмеде Қазақстан мен Ресейдің негізгі өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ Армения, Беларусь, ЕАЭО, Пәкістан, Түркия, Үндістан, Иран, Әзербайжан және басқа да елдердің жекелеген компанияларының экспозициялары ұсынылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен Беларусь премьер-министрі Роман Головченконың Қазақстанға келетіні және Астанада өтетін халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысатындығы хабарланған болатын.

















