Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Германия Федералды Канцлері Олаф Шольцтың шақыруымен Берлинге барады.
Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Азымбакиевтің мәлімдеуі бойынша Садыр Жапаров 2023 жылғы 29 қыркүйекте алғаш рет өтетін «Германия – Орталық Азия» саммитіне қатысады.
Қырғыз Республикасының Мемлекет басшысы сондай-ақ Федералды канцлер Олаф Шольцпен екіжақты келіссөздер жүргізеді. Соның барысында қырғыз-герман ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Садыр Жапаров сапар аясында Орталық Азия елдері басшыларының Германия Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, сондай-ақ «Герман экономикасының Шығыс комитеті» неміс бизнес қауымдастығының мүшелерімен бірлескен кездесуіне қатысады.



















