Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина арасындағы қанды қақтығыстарды, Батыста белең алған заңсыз көші-қон мәселесін мысалға келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндет екенін айтты.
– Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды. Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі тоқырауға түскені жасырын емес. Осындай кезде Бас Ассамблеяның рөлін күшейту керек. Бұл ретте Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде мейлінше сындарлы болу қажет, – деді Президент.
Бүгін қарашаның 3 күні Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті.













