Бразилия 2024 жылдың қаңтарынан бастап ОПЕК пен оның серіктестері кіретін мұнай өндіруші елдер тобы ОПЕК+ ынтымақтастық хартиясына қосылады.
Бұл туралы ақпарат ұйымның ресми сайтында жарияланды.
Бразилия өзінің ОПЕК құрамына қосылу туралы ниетін 30 қарашада бейнеконференция форматында өткен ОПЕК+министрлерінің 36-шы кездесуінде растады. Бразилия атынан шараға Тау-кен және энергетика министрі Александр Сильвейра де Оливейра қатысты.
Бразилия Оңтүстік Америкадағы ең ірі мұнай өндіруші ел болып табылады және әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілердің ондығына кіреді. ОПЕК қазан айында жариялаған 2023 жылғы Дүниежүзілік мұнай болжамына сәйкес, Бразилия қазіргі уақытта тәулігіне шамамен 3,2 миллион баррель мұнай өндіреді. Елде орта мерзімді перспективада мұнай өндірудің күшті өсуі байқалған.
Қазіргі уақытта ОПЕК+ құрамына әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы 23 ел кіреді, соның ішінде ОПЕК-тің 13 мүшесі және олардың 10 серіктесі бар.



















