Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Исламның әйелдер мәселесіне көзқарасын дәлелді және қисынға сай, ал батыстық көзқарасты пайда мен ләззатқа негізделген деп атады.
Fars News агенттігінің хабарлауынша, Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи кеше, сәрсенбі күні елдің түрлі саласындағы әйелдер тобымен кездесті.
Хаменеидің айтуы бойынша, Ислам мен Батыстың әйелдің болмысына, оның құндылықтары мен құқықтарына, міндеттеріне, бостандықтары мен шектеулеріне деген көзқарасы қарама-қайшы.
Хазірет Фатима-Заһраның туған күні қарсаңында өткен кездесуде Хаменеи Исламның әйелдер мәселесіне көзқарасын дәлелді және қисынға сай деп бағалады.
Аятолла Хаменеи әйелдің болмысын, құндылықтарын, құқықтары мен міндеттерін, бостандықтары мен шектеулерін өмірлік маңызды және өте шешуші мәселе деп атап, бұл мәселеге қатысты әлемде бір-біріне қарама-қайшы екі көзқарас — жалпы батыстық және исламдық көзқарас бар екендігіне тоқталды.
Аятолла Хаменеи Батыстағы ахлақтық азғындықтың қорқынышты ресми статистикасына сілтеме жасап, батыстық көзқарас бойынша әйелдерге қатысты қисын болмағандықтан, Батыс елдерінде әйелдерге деген құрметсіздік пен отбасын бұзатын барлық нәрсе күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.
Иран Ислам революциясының жетекшісі хазірет Фатима-Заһраның мұсылман әйелдер үшін ең жақсы үлгі екендігіне тоқталып, Исламда әйелдердің әртүрлі басшылық, саяси, әлеуметтік және мәдени қызметтерді атқаруына ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.
Әйелдер мен ерлер арасындағы теңдік мәселесіне тоқталған аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында ар-намыс пен адами құндылықтар мәселесінде ерлер мен әйелдердің теңдігін Исламның күшті және дәлелді қисынының құрамдас бөліктерінің бірі екенін баса айтты.

















