Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев 27 желтоқсанда республиканың алты облысында 5 күн және 1 жел электр станциясын іске қосу және желіге қосуға арналған салтанатты шараға қатысты.
Uzdaily агенттігінің мәліметінше, Өзбекстанда энергетика жүйесін реформалау және тұрақтылығын арттыру бойынша жүзеге асырылған бағдарлама аясында өткен салтанатты шарада Шавкат Мирзиеев шетелдік әріптестермен бірге жаңа энергетикалық нысандарды қолданысқа енгізіп, желіге қосты.
Өзбекстан президенті шара барысында сөйлеген сөзінде осы жобаларға үлкен үлес қосқан инвесторларға, инженерлерге және құрылысшыларға алғысын білдірді.
Жалпы құны 2 миллиард долларды құрайтын бұл станциялар толық іске қосылғанда екі миллион үйді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етіп, 2 миллиард текше метр табиғи газды үнемдеуге, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында 4 миллиард доллар қосымша құн жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Шавкат Мирзиеев сөзінде осы саладағы алдағы жоспарларға тоқталып, қазір Өзбекстанда қуаттылығы 9 ГВт болатын 22 күн және жел электр станцияларын салу жобаларымен айналысып жатқандықтарын айтып, шетелдік компаниялармен өнімді ынтымақтастық одан әрі кеңейеді деген үміт білдірді.
Өзбекстанда соңғы жылдары желідегі жеке сектор мен жетекші шетелдік компаниялардың қызметіне қолайлы жағдайлар жасалып, жаңартылатын энергияның әлеуетін кеңейтуге бағытталған бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылуда.
Жалпы, Өзбекстанда 2030 жылға қарай «жасыл» энергия көздерін 27 ГВт дейін арттыру жоспарланған.



















