Ресей Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадианмен кездесуінде Ресейдің Иранмен қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін мәлімдеді.
Кz.eurasiatoday.ru агенттігінің farsnews.ir агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, сәрсенбі күні Мәскеуге ресми сапармен келген Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадиан ресейлік әріптесі Николай Патрушевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Ресей мен Иранның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығының кең ауқымын талқылады.
Кездесуде екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылына баса назар аударылды.
Николай Патрушев пен Әли Акбар Ахмадиан Ресей мен Иран арасындағы екіжақты ұзақ мерзімді жаңа шарт әзірлеу жөнінде пікір алмасты.
Тараптар бұл құжат барлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін беретінін қуаттады.
IRNA агенттігінің мәліметінше, Мәскеуде өткен кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынаспен қатар, аймақтық және халықаралық мәселелерді, соның ішінде Газа секторындағы сионистік режим қылмыстарының жалғасуын талқылады.
Айта кетсек, бұл Әли Акбар Ахмадианның Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы қызметіне кіріскеннен кейінгі Мәскеуге алғашқы сапары.



















