АҚШ-тағы алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде түсіп жатқан Дональд Трамп мәлімдеме жасап, әлемді дүр сілкіндірді.
The Guardian газетінің мәліметінше, Дональд Трамп АҚШ-тың НАТО-ға мүше елдерге қарағанда қорғаныс саласына көбірек қаржы бөлетініне наразылық танытып, НАТО жарғысына сай өз бюджетінен қорғанысқа жеткілікті қаржы бөлмеген елдерді АҚШ қорғамайтынын айтып, әлемді таңқалдырды.
Дональд Трамп АҚШ-тың оӊтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Оңтүстік Каролина штатында өткен үлкен жиында сөйлеген сөзінде бұл туралы бұған дейін де одақтас елдерге ескерткенін мәлімдеп, тіпті қорғанысқа жеткілікті қаржы бөлмеген елдерге Ресейдің ойына не келсе соны істеуіне де еш қарсылығы жоқтығын айтты.
Бұрынғы президенттің мұндай мәлімдемелеріне АҚШ билігі мен НАТО-дағы өзге одақтастары сын айтып, бірқатар пікір білдірді.
Джо Байден әкімшілігінің өкілі Эндрю Бейтс Трамп мәлімдемесі АҚШ-тың ұлтттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігімен қатар, жаһандық тұрақтылыққа және АҚШ-тың ішкі экономикасына да қауіпті.
НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг одақтастар бір-бірін қорғамайды деген кез келген болжамның барлық елдің, соның ішінде АҚШ қауіпсіздігіне нұқсан келтіретінін және АҚШ пен Еуропа сарбаздары үшін үлкен қауіп екенін айтты.
Еуропа елдері Трамптың бұл мәлімдемелері НАТО үшін қатер екенін де ескеру қажеттігін айтуда.
Айта кетсек, НАТО-ның жарғысына сәйкес әр ел өзінің қорғаныс саласына ЖІӨ-ның 2 пайыздан кем емес бөлігін жұмсауы тиіс. Бүгінде НАТО-ға мүше 31 елдің біразы бұл талапты іске асыра алмауда.
Мысалы 2023 жылы НАТО жариялаған статистикаға сәйкес, АҚШ-тың әскери салаға бөлген қаржысы ЖІӨ-ның 3,49 пайызына тең. Ұлыбритания 2,07 пайыз, ал Германия, Франция, Италия мен Испания 2 пайыздан төмен қаржы бөлген.



















