Дубай ЭКСПО-дағы ұлттық павильонда Қазақстанның Сауда үйі ашылды.
ҚР СИМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша бұл алаң Қазақстан мен БАӘ бизнес-ортасын біріктіріп, сауданы, сондай-ақ ІТ, мұнай сервисі саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамыту үшін берік негіз құрайды.
Павильонның инфрақұрылымы кәсіпкерлерге 2024 жылдың соңына дейін өтеусіз негізде ұсынылады. Сауда үйінің бірінші қабатында қазақстандық тауарлардың шоу-румы орналасады. Екінші қабатта Qaz Steppe Innovation Hub коворкингі іске қосылады, онда Қазақстанның озық стартап-жобалары көрсетіледі.
Сауда үйінің ашылу рәсімі Біріккен Араб Әмірліктерінде 27-29 ақпанда өткен Іскерлік кеңестің отырысы мен қазақстандық кәсіпорындардың сауда-экономикалық миссиясы аясында жүзеге асты. Сауда миссиясы аясында Дубай ЭКСПО 2020 алаңында Қазақстан-Әмірліктер іскерлік форумы өтті.
Іс-шараға екі елдің екі жүзден астам компаниясы, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты. Қазақстандық бизнес-делегацияны елдің Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев басқарып келді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 328,9 млн долларды құрады. Айтарлықтай сауда-экономикалық әлеуетті ескере отырып, Қазақстан мен Әмірліктер сауда көлемін 1 млрд долларға дейін арттыра алады.
Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 1 қазанда орнатылды. ҚР-ның Әмірліктердегі Елшілігі 2006 жылы қыркүйекте ашылды. Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы 1997 жылдан бері жұмыс істейді. Әмірліктердің Астанадағы Елшілігі өз жұмысын 2005 жылғы қазанда бастады.



















