Кеше, 29 ақпан күні Иранның «Pars-1» жерсерігі ғарышқа сәтті ұшырылды.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Pars-1» жерсерігі бейсенбі күні таңертең Ресейдің «Восточный» ғарыш айлағынан «Союз» зымыран тасығышымен ғарышқа ұшырылды.
Ұшыру алаңынан алынған мәліметтерге сәйкес, «Pars-1» жерсерігі Жер бетінен 500 шақырым қашықтықта сәтті орналасқан.
«Pars-1» жерсерігі — Иранның Ғарыш институтында ирандық ғалымдар жасап шығарған жетілдірілген жүйе.
Жерсерік деректерді орнатылған үш камера арқылы алады. Жерсеріктің салмағы — 134 кг.
«Pars-1» жерсерігінің жобалау, құрастыру және сынақтан өткізу кезеңдерін ирандық мамандар мен ғалымдар Иранның Ғарыш зерттеу институтында жүргізген.
Айта кетсек, биылғы жылы Иран өзінің ғарыштық тарихында алғаш рет бір уақытта ғарышқа өзінің отандық үш жерсерігін ұшырды.
25 ақпан күні «Меһда», «Кейхан-2» және «Хатеф-1» жерсеріктері Иранның Семнан провинциясындағы имам Хомейни атындағы ғарыш орталығынан ұшырылды.


















