Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров 8 наурыз қарсаңында әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.
Ақылбек Жапаров Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елдегі әйелдердің рөлі және отбасылық құндылықтар туралы сұхбат берді. Қырғызстан министрлер кабинеті басшысының сұхбаты kaktus.media сайтында жарық көрді.
Тілші: Ақылбек Үсөнбек уулу , біздің сұхбатымыз 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтуде. Біз еліміздегі әйелдердің рөлі мен орны туралы сізбен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Жапаров: Бірінші кезекте осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әйелдер қауымын келе жатқан мерекемен құттықтағым келеді. Мен оларға денсаулық, жетістік, амандық және бақыт тілеймін. Адам ұмтылатын осы төрт сөздің әйелдер үшін орындалуына тілектеспін.
Тілші: Қырғызстанда әйелдердің орны мен рөлі қандай?
Жапаров: Қысқаша айтқанда, еліміздегі әйелдің рөлі де орны да ерекше. Әйелдерсіз өмір жоқ.
Тілші: Дегенмен, әйелдер орны толмас зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Мемлекет әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін қандай шара қолданады?
Жапаров: Біз бұл мәселеде барынша күш саламыз. Қырғыз Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық — үлкен мәселе. Оны жою немесе кем дегенде барынша азайту үшін мемлекет, азаматтар мен қауымдастықтардың күш-жігерін біріктіру қажет.
Тілші: Сіздің жақында Мәдениет министрлігінің алқасында сөйлеген сөзіңізді көпшілік азаматтардың жеке өміріне араласу деп бағалады.
Жапаров: Халықаралық шарттар мен Конституцияға сәйкес әр отбасын қорғау ерекше көзделген.
Тілші: Ақылбек Үсөнбек уулу, сіз әйелдердің әлеуметтік желідегі жазбаларына мониторинг жүргізу және шектеу қою туралы тапсырма бердіңіз.
Жапаров: Мониторинг арқылы ең көп кездесетін мәселелер мен қажеттіліктерді анықтауға болады.
Тілші: Сіздің ойыңызша, қазіргі қырғыз қоғамындағы әйелдің рөлі қандай?
Жапаров: Қырғыз әйелдері қоғам мен мемлекеттің дамуына шешуші үлес қосуда. Біздің әйелдер — табанды және білімді. Елден тыс жерлерде де олар өздерінің қабілеттілігін дәлелдеді.
Тілші: Мемлекет тарапынан әйелдердің өмірін жеңілдету үшін қандай әрекеттер жасалуда?
Жапаров: Әйелдердің қызмет орындарында да, үйде де жұмыс істейтінін бәріміз білеміз. Үкімет мектеп жасына дейінгі балаларға қамқорлық жасауды жолға қойып отыр. Осы ретте, Үкімет балабақшаларды дамыта отырып, жас әйелдерге жұмысқа шығуға мүмкіндік беруде.
Тілші: Қыздар мен әйелдерге қандай кеңес айтар едіңіз?
Жапаров: Оқу, оқу және оқу. Әл-ауқат пен бақыттың негізі — білім. Өйткені, білімді әйел ақылды бала тәрбиелейді. Ал балалар — халықтың болашағы.
Тілші: Біздің сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Жапаров: Ашық әңгімеңізге және барша аналар, әйелдер, әпкелер мен қыздарды құттықтауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін сіздерге де рақмет!



















