Иран Ислам Республикасы мен Ресей жасанды интеллект саласында ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге келді.
Бұл туралы IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, «Этика және жасанды интеллектті дамыту» атты ынтымақтастық келісіміне Иранның жасанды интеллект және робототехника бойынша технологияларды дамыту жөніндегі штаб хатшысы Беһруз Минаи, Ресей тарапынан АІ технологияларын және онымен байланысты салаларды реттеу жөніндегі комиссия төрағасы Андрей Незнамов қол қойды.
Екі ел арасындағы бұл ынтымақтастық әртүрлі салада жасанды интеллектте этикалық принциптерді қолданудың маңызды тәжірибесімен бөлісуге жол ашады.
Келісім ресейлік мамандарды жұмысқа тарта отырып, Иранда біліктілікті арттыруға және өзара білім алмасуға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, Ресей робототехника, кванттық технологиялар және жасанды интеллекттегі ғылыми жетістіктер бойынша топ-10 елдің қатарына кіреді.


















