Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 11-19 наурыз аралығында Қарағанды облысының аумағында екі жақты командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді.
Жауынгерлік дайындық іс-шаралары кезінде Қарағанды, Алматы, Жетісу облыстарының аумағында күштер мен құралдардың қозғалысы жүзеге асады. Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау мақсатында бөлімшелер полигондарға темір жол, әуе және автомобиль көлігі арқылы аралас тәсілмен марш жасайды. Кейін тұрақты орналасу пункттеріне оралады.
Қорғаныс министрлігі аталған кезеңде өңірдің жекелеген аудандарында шектеу шаралары енгізілуі мүмкін екенін, осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан оқу-жаттығуларға түсіністікпен қарауды және тыныштық сақтауды сұрады.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге мүдделік танытты.
ҚР баспасөз қызметі сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.




















