Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович Беларусь пен Ресей жыл сайын бірлескен 30-40 әскери оқу-жаттығу өткізетінін, оқу-жаттығу 2025 жылы Беларусь елінде өтетінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Александр Вольфович ағымдағы жылдың желтоқсан айында Беларусь пен Ресей одағының құрылғанына 25 жыл толатынын атап, екі елдің әскери қызметшілері тактикалық және стратегиялық деңгейлердегі бірлескен жауынгерлік іс-шараларға қатысатынын айтты.
Александр Вольфовичтың айтуы бойынша, cоңғы жылдары Еуропадағы жағдайдың шиеленісуі күтпеген жағдай болды.
Беларусь Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекеттік хатшысы: «Ықтимал тәуекелдерді, сын-қатерлер мен қауіптерді уақтылы бағалай отырып, Беларусь пен Ресей ондаған жыл бойы одақтас мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи жүйесін құрумен айналысып келеді», — деді.
Бұған дейін Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженков Минск пен Мәскеу 2024 жылдың желтоқсан айында қауіпсіздік туралы екіжақты келісімге қол қоятынын мәлімдеді.
Рыженковтың айтуы бойынша, биыл желтоқсан айында атап өтетін Одақтас мемлекет туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуына орай Ресеймен екі елдің қауіпсіздік кепілдігі туралы мемлекетаралық шартқа қол қоюды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Ресей Президенті Владимир Путин 24 мамыр күнгі мәлімдемесінде Ресей мен Беларусьтің қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы нығая түсетінін айтты.
Ресей өткен жылы өзінің тактикалық ядролық қаруының бір бөлігін Беларуське көшірді. Сонымен қатар Мәскеу Беларусь аумағында орналасқан тактикалық ядролық қарудың Ресей армиясының бақылауында екенін баса айтты. 1999 жылы Беларусь пен Ресей басшылары одақтас мемлекет құру жөніндегі шартқа қол қойды.



















