Бүгін, 15 наурызда Ресей Федерациясында үш күнге созылатын президент сайлауы басталды.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, бүгін таңертең республика бойынша сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастады.
Биыл Ресейде алғаш рет ел президентін сайлау үш күн бойы, 15-17 наурыз аралығында өтеді.
Ресей президентінің сайлауында дауыс беру үшін 94 мыңнан астам сайлау учаскелері құрылған. Осы сайлауда қазіргі ел президенті Владимир Путинмен бірге үш кандидат — КПРФ депутаты Николай Харитонов, ЛДПР басшысы Леонид Слуцкий және «Новые люди» партиясынан Владислав Даванков қатысуда.
Ресейде президенттік сайлау алды науқанын жалғыз Владимир Путин жүргізді.
Ақпан және наурыз айларында Владимир Путин әскерилермен, жұмысшылармен, ғалымдармен, фермерлермен және жастармен белсенді кездесулер өткізіп, бірқатар сапар жасады.
Ескере кетсек, Ресейдің қазіргі таңдағы президенті Владимир Путин биыл сайлауға бесінші мәрте қатысып отыр.
Әлемдік БАҚ Владимир Путиннің бесінші рет Президент болатынына күмән жоқ деген деректер келтіруде.



















