БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыспен қамту жөніндегі агенттігінің басшысы Филипп Лаззарини Газа секторының халқы аштық пен аурудан жаппай қырылып жатқанын ескертті.
AlJazeera агенттігінің хабарлауы бойынша Филипп Лаззарини Израильдің Газа секторы халқының гуманитарлық көмекке қол жеткізуіне қасақана кедергі келтіріп отырғанын айыптап, онсыз да гуманитарлық апат жағдайы орын алған Газа секторында аштық пен ауру ауқымы үлкейгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Еуропа Одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Брюссельдегі форумда сөйлеген сөзінде Израиль билігі Газа секторында аштықты қақтығыс қаруы ретінде пайдаланып отырғанын атады.
Жозеп Боррель сәрсенбі күні Х әлеуметтік желісінде хабарлама жариялап, Израиль билігінен БҰҰ-ның палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыспен қамту жөніндегі агенттігінің басшысы Филипп Лаззариниге Газа секторына келуіне кедергі келтірмеуге және БҰҰ мен басқа да гуманитарлық ұйым қызметкерлеріне қажет визаларды беруді сұрайтынын мәлімдеді.
Жозеп Боррельдің айтуынша, Газа секторы Израиль әскери операциясына дейін әлемдегі ең үлкен ашық түрме болса, енді ең үлкен зиратқа айналуда.
БҰҰ сарапшылары бірнеше ай бұрын Газа секторының 2,2 миллион тұрғыны азық-түлік тапшылығынан зардап шегіп отырғанын ескертті. Бүгінде Газа секторының жағдайы мүшкіл.



















