Газа секторында Түркияның қолдауымен салынған жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Түркияның “Адам құқықтары мен бостандықтары” (İHH) гуманитарлық көмек қорының қолдауымен салынған ағаш мектеп ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Газа қаласының орта және жоғары білім министрінің орынбасары Махмуд Матар, Газа қаласының мэрі Яхья ас-Серрадж, İHH қорының Газадағы өкілі Эшреф Джерраде, İHH жобалар директоры Ала Абу Хашим, сондай-ақ ресми және жергілікті билік өкілдері мен көптеген ата-ана қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген министр орынбасары Махмуд Матар бұл жаңа мектептің ашылуын білім беру саласы бұрын-соңды болмаған күйреуге ұшыраған уақытта үміт сәулесі болғанын айтты.
Ол Израиль шабуылдары салдарынан 20 мыңнан астам студент пен 1200-ден астам білім беру қызметкерінің қаза тапқанын және білім беру мекемелерінің 92 пайызы зардап шеккенін баса айтты.
Махмуд Матардың айтуы бойынша, Газадағы білім беру жүйесін толық қалпына келтіруге кемінде бес жыл қажет.
Газа қаласының мэрі Яхья ас-Серрадж Түркия тарапына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, бұл мектеп Газа секторының солтүстігіндегі қираған аймақтарда білім беруді қайта жандандыруға үлес қосатынын айтты.
İHH жобалар директоры Ала Абу Хашим аталған білім беру мекемесі Газа секторының солтүстігінде толығымен ағаштан салынған алғашқы мектеп екенін айтты.
Сондай-ақ, ол жобаның Палестина халқына деген гуманитарлық және моральдық жауапкершілік аясында жүзеге асырылғанын және бұл Түркияның қолдауымен іске асатын білім беру жобаларының бастауы екенін қуаттады.
Сегіз сынып бөлмесінен тұратын бұл жаңа мектеп шамамен 1200 оқушыға арналған.



















