Антарктидада Түркияның ғылыми-зерттеу лагерінің жаңа станциялары құрылды.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы 8-ші Ұлттық Антарктика ғылыми экспедицияның үйлестірушісі, профессор Бурджу Озсой Anadolu агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Бурджу Озсой Арктика мен Антарктика климаттың өзгеруінің салдары айқын көрінетін аймақтар екенін атап өтті. Озсойдың айтуынша, 1970 жылдан бергі күн сайынғы деректер жарты ғасырдан астам уақыт ішінде теңіз мұзының қалай өзгергенін көрсетеді.
Профессор Арктика аймағындағы мұз көлемінің үштен бірі ерігенін және жаңа теңіз мұздарының пайда болуы баяулағанын атап өтті.
«Егер Антарктидаға қарасақ, одан теңіз мұзының өзгеруін көруге болады. Бұл аймақтардағы климаттың өзгеруі тек теңіз мұзынан ғана көрінбейді.
Антарктида — әлемдегі бесінші ірі континент. Мұнда біз мұздықтардың, әсіресе, жер үсті аймақтарындағы мұздықтардың еріп жатқанын өте айқын көре аламыз», — деді профессор.
Сондай-ақ, Бурджу Озсой соңғы 5 жылдағы деректерді зерттеу кезінде осы аймақта температураның 2 градусқа жоғарылағанын атап өтті.
Бүгінде Антарктидада 30 елдің 100-ге жуық ғылыми-зерттеу базасы мен станциялары бар.



















