Иранның әуе қорғанысы 19 сәуірге қараған түні Исфаһанның аспанында бірнеше ұшқышсыз ұшақты атып түсірді.
Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс Батыс Азияға ғана емес, басқа елдерге, соның ішінде Қазақстанға да әсер ететін қақтығысқа айналу қаупі бар.
Иран билігі Израильдің бірнеше дронын атып түсіргені туралы мәліметті хабарлады. IRIB агенттігінің сенімді дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Иранның бірнеше аймағында бірнеше белгісіз шағын дронмен шабуыл жасалған.
Исфаһан провинциясының аумағында Иранның бірнеше ядролық нысаны орналасқан. Шабуыл салдарынан ядролық инфрақұрылым нысандарында оқыс оқиғалар тіркелмеген.
Fars агенттігінің хабарлауынша, Исфаһанда үш жарылыс естілген. Мәліметтерге сәйкес, жарылыстар Исфаһан әуежайы мен Хаштам Шикари әуебазасы маңында болған.
New York Times мәліметінше, шабуыл Исфаһандағы 8-ші шаһид Бабай әуе базасын нысанаға алған.
Бұған дейін CBS News және ABC News телеарналары америкалық шенеуніктердің сөзіне сілтеме жасап, Израиль Иран нысандарына зымыран ұшырғанын хабарлады. Ақ үй мен Пентагон бұл туралы түсініктеме бермеді.
Mehr агенттігі Иран бірден бүкіл ел бойынша рейстерді тоқтатқанын хабарлады. Агенттіктің мәліметінше, Тегеран, Исфаһан және Ширазға, сондай-ақ елдің батысы мен солтүстік-батысы және оңтүстік-батысындағы әуежайларға рейстер тоқтатылған.
Иранның мемлекеттік телеарналары көрсеткен кадрларда қазіргі таңда Исфаһанда бәрі тыныш әрі қаладағы жағдай қалыпты.
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, әлем бірте-бірте күрделі геосаяси қақтығысқа тартылуда. Сарапшы «Қазір Израиль мен Иран үшін ең бастысы – өз келбеттерін жоғалтпау.
Израиль үшін өзін шабуылдың құрбаны ретінде көрсету пайдалы болса, Иранға Израиль мен оның одақтастарынан қорықпайтынын, сонымен қатар оларға ауыр соққы беруге дайын екенін дәлелдеу маңызды. Тель-Авив, сонымен қатар, Тегеранды көбірек шетелдік әскери көмек алуға итермелейді.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Иранмен қақтығыс әлемдік жұртшылықты Газа секторындағы әскери операциядан алшақтатуы мүмкін»,- дейді.
Сарапшы, егер Иран шыдамдылық танытып, соққыға соққымен жауап бермесе, жеңілгеннен гөрі көбірек жеңеді деп санайды.
«Иран Израильге тікелей шабуыл жасамай да соққы бере алады. Өйткені Иран аймақта қуатты ықпал ету аймағын құрып, Израильдің айналасындағы көптеген саяси және әскери күштерді басқарады. Бұл ретте құрылымдардың барлығын еврей мемлекетіне қарсы бағыттау жеткілікті. Сонымен қатар, Иран Ормуз бұғазын жапса, мұнай ағыны тоқтатылады. Бұл — бүкіл әлемдік экономика үшін құлдырау»,- дейді сарапшы.
2024 жылғы Global Firepower Index-не сәйкес, жалпы әскери күш тұрғысынан Израиль мен Иран әскерлері бір-бірінен онша ерекшеленбейді. Иран 14-ші орында, Израиль 17-ші орында.
Global Firepower Index бағалауы бойынша, Иран әскері мен танктерінің саны және жауынгерлік техникасы бойынша Израильден асып түседі.
Иран мен Израиль арасындағы жағдай сионистік режимнің Дамасктегі Тегеранның дипломатиялық кеңсесіне жасаған шабуылынан кейін ушыға түсті.
Иран Израильдің 1 сәуір күнгі бұл әрекетіне жауап ретінде 13 сәуір күні кешке ұшқышсыз ұшақ пен баллистикалық зымыран ұшырды. Иран СІМ бұл шабуылдың өзін-өзі қорғау ретінде жасалғанын мәлімдеді.
Күні кеше Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя Израильге қарсы санкцияларды қарастыруға шақырды. Василий Небензя БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Израильдің мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында Газа секторында атысты тоқтатуды талап еткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің № 2728 қарарын орындамауына байланысты шара қабылдау қажеттігін атап өткен болатын.


















