Бүгін ирандық қажылардың алғашқы тобы Сауд Арабиясына кіші қажылық — умраға аттанды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, тоғыз жылдық үзілістен кейін бүгін таңертең ирандық қажылардың алғашқы тобы Сауд Арабиясына умра қажылыққа аттанды.
Иранның эр-Риядтағы елшісі Әлиреза Инаяти ұзақ жылғы үзілістен кейін ирандық қажылардың келгеніне қуаныш білдіріп, қажылық екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтатынын және екі елді жақындастыратынын атап өтті.
Елші ирандықтардың қажылыққа баруға деген ұмтылысына тоқталып, Құдайдың рақымымен және тиісті мекемелердің үздіксіз күш-жігерімен бұған қол жеткізілгенін айтты.
Әлиреза Инаяти Сауд Арабиясының шенеуніктеріне, соның ішінде Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігіне ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
Ирандағы Сауд Арабиясының елшісі Абдулла бин Сауд әл-Анзи Тегеран әуежайында ирандық 85 қажыны шығарып салу рәсіміне қатысты.
Желтоқсан айында ирандық БАҚ Сауд Арабиясы умра жасағысы келетін Иран азаматтарына қатысты шектеулерді алып тастағанын хабарлаған болатын.
2016 жылы Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, 2023 жылы араға жеті жыл салып, екі ел дипломатиялық қарым-қатынасын жандандырды. Бүгінде Иран мен Сауд Арабиясы бір-біріне елшілерін жіберіп, өзара байланыстарын қайтадан бекітті. Бұл уағдаластық Қытайдың арағайындығымен жүзеге асты.


















