Астана қаласында Қырғызстан және Пәкістан СІМ басшылары Жээнбек Құлубаев пен Исхақ Дар жуырда болған Бішкектегі жағдайға қатысты пікір алмасады.
Еуразия Тудейдің Қырғызстан СІМ-не сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Құлубаев пен Пәкістан премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Исхақ Дар кездесуі 21 мамырда Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының СІМ басшыларының кеңесінде өтеді.
Тараптар кеше телефон арқылы сұхбатта Қырғызстан мен Пәкістан қатынастарын дамыту, Бішкекте болған жанжал мәселелерін талқылау мақсатында 21 мамырда Астана қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшылары кеңесі аясында екіжақты кездесу өткізуге, сондай-ақ жақын арада Бішкек қаласында Қырғызстан мен Пәкістан арасында консулдық-құқықтық мәселелер бойынша СІМаралық консультациялар ұйымдастыруға уағдаласты.
20 мамыр күні Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін Қазақстанға келді.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің СІМ басшылары кеңесінің кезекті отырысы 21 мамыр күні Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен өтеді.
Еске сала кетейік, 18 мамырға қараған түні Бішкек қаласында 13-ші мамырдағы оқиғаға қатысты кек алмақ болған бірнеше жүзге жуық жергілікті тұрғын жиналды. Бішкек полиция қызметкерлері төбелесу үшін жиналған азаматтарды таратуға тырысқан, ал қарсылық танытқандарды полиция бөліміне апарған.
13 мамырда Бішкекте шетелдіктер тұратын жатақханалардың бірінің ауласында шетелдіктер мен жергілікті тұрғындар қатысқан жаппай төбелес болды.
Пәкістан Бішкектегі жаппай төбелестен кейін студенттерін Қырғызстаннан қайтара бастады. 180 адамнан тұратын алғашқы топ Лахорға арнайы рейспен жеткізілді.



















