Иран Атом қуаты ұйымының баспасөз хатшысы Беһруз Камалванди елінің саяси қысым жағдайында өз құқықтарынан бас тартпайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Атом қуаты ұйымының баспасөз хатшысы Беһруз Камалванди Атом қуаты халықаралық агенттігі Басқарма Кеңесінің Иранға қарсы қарар қабылдауы жөніндегі саяси және сындарсыз әрекеттеріне жауап ретінде Тегеранның саяси қысым жағдайында өзінің құқықтарынан бас тартпайтынын қуаттап, Батыс елдерін өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа шақырды.
Беһруз Камалванди сәрсенбі, 5 маусым күні ИРНА тілшісінің Иран Ислам Республикасының Батыс елдерінің АҚХА Басқарма Кеңесінде қабылдаған қарарына қарсы шаралары туралы сұрағына жауап беріп: «Біз бұған дейін де қарардың қабылдануының сындарсыз әрекет екенін атап өткен болатынбыз.
Бүгіннен бастап біз қорғаныс аясында шараларды бастадық. Батыс елдері халықаралық механизмдерді тәуелсіз елдерге қарсы саяси түрде теріс пайдалану мен қысым көрсетудің орнына өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық жолына түседі деп күтеміз», — деді.
Ұлыбритания, Франция және Германияның сәрсенбі, 5 маусым күні Атом қуаты халықаралық агенттігі Басқарма Кеңесінде Иранға қарсы ұсынған қарары бұрынғы жылдарға қарағанда аз дауыс жинады.
Бұған дейін 30 немесе 26 дауыс берілген болса, бұл жолы қарар 20 дауыспен қабылданды. Қытай мен Ресей және басқа да көптеген елдер, соның ішінде Сауд Арабиясы қарарды қолдамады.


















