Ереванда Парламент ғимаратының алдында Премьер-Министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен наразылық акциясы барысында 98 адам ұсталып, 100 адам зардап шекті.
Еуразия Тудейдің Армения Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Еревандағы наразылықтар кезінде 100-ге жуық адам медициналық көмекке жүгінген.
Министрліктің хабарламасында: «Баграмян даңғылында болған оқиғалар салдарынан 98 бейбіт тұрғын мен полиция қызметкері медициналық көмекке жүгінді», – деп көрсетілген.
12 маусым күні Армения Премьер-министрі Никол Пашинян сөз сөйлеген кезде Парламент ғимаратының алдында оның отставкаға кетуін талап еткен наразылық білдірушілер жиналды. Артынша, шеруге қатысушылар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында қақтығыстар орын алды.
Армения полициясының мәліметінше, Еревандағы ел Парламентінде наразылық акциясына қатысушы 98 адам ұсталды.
Бұған дейін, 10 маусымға қараған түні Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен демонстранттар Ереванның орталығындағы Баграмян даңғылына тосқауыл қойып, Парламент ғимаратының алдында шатырлар тікті.
4 мамырда Армениядағы «Отан үшін Тавуш» оппозициялық қозғалысының басшысы, Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт Галстанян Ереванда Әзірбайжанмен шекараны делимитациялау мәселесі бойынша Армения билігінің саясатына қарсы наразылық акциясын жариялады. Баграт Галстанян Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Бұл — ел тарихында алғаш рет шіркеудің наразылық акциясын басқаруы.
Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен Армениядағы жаппай наразылықтар бір айдан астам уақытқа созылып келеді. Шеруге қатысушылар наразылығының басты себебі — елдің Әзірбайжанмен шекарасын делимитациялауы.
Еревандағы билік делимитация Арменияға қауіпсіздікке байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді деп мәлімдеді. Алайда оппозиция бұл әрекеттерді аумақтық концессия деп санайды.
«Отан үшін Тавуш» қозғалысының басшысы Баграт Галстанян наразылық білдірушілерді кеше, 13 маусым, бейсенбі күні таңертең ел Үкіметі ғимаратының жанына қайта жиналуға шақырды.




















