Ресей Президенті Владимир Путин кеше, 17 маусымда Қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгерістер жасады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Владимир Путин Қорғаныс министрінің төрт жаңа орынбасарын тағайындады.
Ресей Президенті Владимир Путиннің жарлығымен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары болып бұрынғы Қаржы министрінің орынбасары Леонид Горнин, министр орынбасарлары болып «Отан қорғаушылар» қорының басшысы Анна Цивилева мен Ресей Үкіметінің бұрынғы басшысы Михаил Фрадковтың ұлы Павел Фрадков пен Олег Савельев тағайындалды.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Леонид Горнин Ресей Федерациясының Қарулы күштерін қаржылық қамтамасыз етудің барлық кешеніне, Анна Цивилева әлеуметтік және тұрғын үй мәселелеріне, Павел Фрадков мүлікті басқару және құрылыс мәселелеріне жетекшілік етеді.
Дүйсенбі күні Путин Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Руслан Цаликовты, министрдің орынбасарлары Николай Панковты, Татьяна Шевцованы және Павел Поповты қызметінен босатты.
Саясаттанушы Павел Данилин Цивилева, Фрадков және Горниннің жаңа қызметке тағайындалуын «тамаша кадрлық шешімдер» деп атады. Сарапшының айтуы бойынша, Анна Цивилеваның әлеуметтік басқаруда, Павел Фрадковтың мүлікті басқаруда, ал Леонид Горниннің қаржыны басқаруда үлкен тәжірибесі бар.
Сонымен қатар «Русская планета» басылымының бұрынғы жетекшісі Павел Пряников «Толкователь» телеграм-каналындағы жазбасында Қорғаныс министрі орынбасарларының жаңа желісінің пайда болуын «жақсы белгі» деп сипаттады.



















