Иран Ислам Республикасы президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер ШЫҰ-ның 24-ші саммитіне қатысу үшін Қазақстанның астанасына келді.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша кеше, сәрсенбі күні Иран Ислам Республикасы президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохберді Астана әуежайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев қарсы алды.
Мохаммад Мохбер бүгін, бейсенбі күні ШЫҰ саммиті аясында бірқатар мемлекет басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, саммитте сөз сөйлейді.
Иран Үндістанның төрағалығымен өткен ШЫҰ-ның 23-ші саммитінде ұйымға мүше елдер қатарына кіріп, бірлестіктің тоғызыншы мүшесі болды.
2022 жылдың қыркүйек айында Самарқандта өткен ШЫҰ саммитінде Иранның ұйымға қосылуы туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, Астанада бүгін, шілденің 4 күні ШЫҰ-на мүше мемлекет басшылары кеңесінің 24-ші отырысы басталады. Саммитте саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланады.

















