Иран елшісі Казем Джалали Тегеран мен Мәскеу арасындағы байланысты нығайтудағы мәдениеттің рөлі зор екенін айтты.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Иран Ислам Республикасының Ресейдегі елшісі Казем Джалали мәдениет пен өнер қайраткерлерінің екі халық арасындағы байланысты нығайтудағы және екі ел арасындағы қатынастың тұрақтылығындағы рөлінің маңыздылығын айтты. Бұл туралы Джалали Ресей мен Иран арасындағы «Достық үлгілері» атты алғашқы суретшілер көрмесінде мәлімдеді.
Мәскеудегі Иран елшісі сөзінде: «Халықтар мен ұлттар арасындағы қарым–қатынастың ең жақсы тілі — өнер тілі. Сондықтан бұл көрме өте маңызды», — деді.
Бүгін, тамыздың 16 күні Мәскеуде «Достық үлгілері» атты Ресей мен Иран суретшілерінің көрмесі ашылды. Іс-шараны Ресейдегі Иран елшілігі Сергей Андрияки атындағы Акварель және бейнелеу өнері академиясымен бірге Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
«Достық үлгілері» көрмесіне келушілер талантты жас суретшілердің 200 туындысын, танымал шеберлердің 40 туындысын тамашалады.


















