Германияның Золинген қаласында өткен іс-шара кезінде суық қару шабуылынан үш адам қаза тауып, кем дегенде тоғыз адам жарақат алды.
Еуразия Тудейдің Bild газетіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, оқиға кеше, жұма күні Германияның Золинген қаласының 650 жылдығына арналған мерекелік іс-шара кезінде орын алған.
Белгісіз адам кешкі уақытта шараға қатысушыларға пышақпен шабуыл жасап, салдарынан үш адам бірден қайтыс болып, онға жуық адам жараланған.
Жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21:45-те болған оқиғадан кейін жергілікті полиция қызметкерлері шараны бірден тоқтатып, мерекеге қатысушыларға бұл аймақтан кетуге кеңес берді.
Шабуылдаушы оқиға орнынан бірден қашып үлгерген.
Қазіргі уақытта полиция аймақты қоршауға алып, қылмыскерді іздестіруде. Полиция қылмыскер жалғыз өзі әрекет еткен деген болжам жасап отыр, алайда бұл қылмыстық істе оның сыбайластары болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.
Бүгін таңертең Дюссельдорф полициясы шабуылдаушыны Золинген қаласы мен одан тыс жерлерде белсенді түрде іздестіріп жатқанын мәлімдеді.



















